ҚР Үкіметі шілде айының үш аптасының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының орташа баға индексі 0,1%-ға төмендегенін хабарлады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Сауда министрлігінің мәліметінше, соңғы аптада қызанақ 15,1%-ға, қияр 18,2%-ға, сәбіз 5,2%-ға және жұмыртқа 2,4%-ға арзандаған. Сонымен қатар, ет өнімдерінің жекелеген түрлеріне баға өсуі сақталуда: қой еті – 2%, жылқы еті – 1,3% және тартылған ет – 0,6%.
Осыған байланысты вице-премьер Серік Жұманғарин ет және ет өнімдерін өндіру нарығына өндіріс көлемін, ішкі тұтынуды және экспорттық жеткізілімдерді ескере отырып, Үкіметтің одан әрі әрекеттерін анықтау үшін егжей-тегжейлі талдау жүргізуді тапсырды. Жұманғарин сондай-ақ мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге нарық қатысушыларымен нысаналы жұмысты күшейтуді тапсырды.
«Бағаның елеулі өсуінің әрбір жағдайы бойынша жеткізу тізбегін толық талдап, қымбаттау себептерін жою қажет. Профильді министрліктер мен әкімдіктерге ірі көтерме жеткізушілер мен импорттаушылармен кездесулер өткізуді, қолданыстағы кедергілерді анықтауды және олардың баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қарсы міндеттемелерді қабылдауы кезінде қажетті мемлекеттік қолдау шараларын әзірлеуді тапсырамын. Дәл осындай жүйелі жұмысты азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтерге қатысты да, тиісті нарықтардың ерекшелігін ескере отырып ұйымдастыру қажет. Әрбір мемлекеттік орган өз құзыреті шегінде шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етуі керек», — деп атап өтті Жұманғарин.
Бағаны одан әрі тұрақтандыру үшін Үкімет отандық өндірушілерге қолдауды арттыруды, нан-тоқаш кәсіпорындары үшін электр энергиясына жеңілдікті тарифтер енгізуді және ел ішінде әлеуметтік маңызы бар өнімдерді теміржолмен тасымалдауға 70% жеңілдік беруді жоспарлап отыр.
Бұған дейін «Курсив» қазақстандықтарды ет бағасының күрт өсуі туралы ескерткен болатын.
