Қазақстанда екінші ай қатарынан азық-түлік бағасының төмендеуі байқалады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, азық-түлік инфляциясы екінші ай қатарынан төмендеген, бағаның 0,1% деңгейіндегі дефляциялық үрдіс сақталып отыр.

Баға өсімінің баяулауына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары айтарлықтай әсер етуде. Жыл басынан бері бұл тауарлардың бағасы 1,8%-ға өсті. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде өсім 8,3%-ды құраған. Яғни, биыл баға өсімі 4,6 есе төмен.

Өткен аптада қант 2,4%-ға, пияз 1,7%-ға, алма мен сәбіз 0,9%-ға, күріш 0,5%-ға, қой еті 0,4%-ға арзандады. Ал нан, макарон өнімдері, сары май, тұз және шай бағасы өзгерген жоқ.

Сонымен қатар күннің суытуына байланысты қияр бағасы 4,6%-ға, қырыққабат пен қызанақ 3,7%-ға, картоп 2,4%-ға қымбаттады.

Алдағы қыс және көктем айларында жылыжайда өсірілетін көкөністердің бағасын тұрақтандыру мақсатында өндірушілермен тиісті меморандумға қол қойылады. Бағаны тұрақтандырудың тиімді жолдарының бірі – ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері. Мұнда өндірушілер өз өнімдерін тұтынушыларға тікелей ұсынады.

Бұдан бөлек, 17–27 қазан аралығында еліміздің барлық өңірінде "Bereke Fest" және "Republic Day" акциялары өтуде. Акциялар аясында сатып алушыларға күнделікті тұтынатын тауарлар мен сұранысқа ие азық-түлік өнімдері 50%-ға дейінгі жеңілдікпен ұсынылады.

Кеңес барысында Серік Жұманғарин азық-түлік инфляциясы өскен облыстардың әкімдіктерін тыңдады. Сондай-ақ барлық өңірге ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің санын арттырып, халық көп тұтынатын азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен жеткілікті көлемде қамтамасыз етуді тапсырды.