Қазақстанда азаматтың атын және тегін ауыстырудың нақты талаптары бар. Бірақ адамның атын-жөнін ауыстыру үшін дәлелді себептер болуы шарт. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Басты талап қандай

Неке және отбасы туралы кодексте Қазақстан азаматының атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру бойынша арнайы тарау бар. Сол жерде адамның аты-жөнін өзгертудің дәлелді себептері де көрсетілген.

Олар:

  • 01оғаш естiлуi;
  • 02айтуға қиындық келтіруі;
  • 03некеден кейін ауыстыру;
  • 04некеге дейiнгi текті қайтару;
  • 05бұрынғы некеден туған балалармен ортақ текте болуды қалау;
  • 06жұбайы қайтыс болғаннан кейін некеге дейiнгi текті алу;
  • 07некеге дейiн текті ауыстырмаған жағдайда жұбайы қайтыс болғаннан кейін балалармен ортақ текте болу;
  • 08ата-ананың ұлты әртүрлі болған жағдайда біреуінің ұлтына сәйкес келетін атты және текті таңдау;
  • 09құжат бойынша емес, өмірде жиі қолданатын есімді қалау;
  • 10ұлттық дәстүрлерге байланысты әкесiнiң немесе атасының аты бойынша текті таңдау;
  • 11іс жүзінде тәрбие берген адамның тегі мен аты бойынша жазылу;
  • 12жынысын хирургиялық жолмен өзгерткен кезде оған сәйкес келетін атты, әкесінің атын және текті алу.

Сондай-ақ, адамның аты-жөнін жаңадан жазғанда цифрлар мен таңбаларды қолдануға болмайды.

Өтініш қайда беріледі

Адамның атын, әкесінің атын немесе тегін ауыстыру туралы өтініште бірнеше маңызды мәлімет болуы шарт.

Олар:

  • 01өтініш берушінің аты, әкесінің аты, тегі;
  • 02таңдаған аты, әкесінің аты, тегі;
  • 03атын, әкесінің атын, тегін ауыстырудың себептері.

Өтініш азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне немесе халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырылады. Ал шетелде жүргендер елшілікке жүгіне алады.

Тіркеуші органдар атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру жүргізілгенін растау үшін туу туралы, некені қию немесе бұзу туралы тиісті куәлік береді.

Қандай құжаттарды ауыстыру керек

Қазақстан азаматы аты-жөнін өзгерткеннен кейін жеке құжаттарын да ауыстыруға міндетті:

  • 01жеке куәлік;
  • 02банк құжаттары;
  • 03мүлікке қатысты құжаттар;
  • 04адамның бұрынғы аты-жөні жазылған құжаттар.

Барлық құжатты бір айдың ішінде ауыстыру қажет.

Құжат ауыстыруға қанша ақша кетеді

Адамның аты-жөнін ауыстыру ақылы қызметке жатады. Бағасы – 2 001 теңге.

Бұдан бөлек, басқа құжаттарды да ауыстыру үшін ақы төлеу керек:

  • 01жеке куәлік - 0,2 АЕК (865 теңге);
  • 02төлқұжат - 8 АЕК (34 600 теңге);
  • 03жүргізуші куәлігі - 1,25 АЕК (5 406 теңге);
  • 04балалардың туу туралы куәлігі мен неке туралы куәлік - 2 001 теңге.

Заң бойынша азаматтың атын және тегін ауыстырудың саны жағынан шектеу жоқ. Бірақ өтініш берген сайын дәлелді себептер болуы шарт.