Қазақстанда антибиотиктерді рецептсіз сатуға бақылау күшейтіледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жыл сайын әлемде антибиотиктерге төзімді микроорганизмдерден туындаған инфекциялар салдарынан 700 мыңға дейін адам қайтыс болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша, 2050 жылға қарай мұндай өлімнің саны 40 миллионға жетуі мүмкін.

Қазақстанда 2027 жылға дейінгі кезеңге арналған «Қазақстан Республикасында микробқа қарсы препараттарға төзімділікті тежеу жөніндегі шаралар туралы» Жол картасы іске асырылуда. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, антибиотиктерді бақылаусыз қолдану, препараттарды заңсыз сату және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігі сияқты бірқатар мәселелер өз шешімін таппай отыр.

«Антибиотиктерді бақылаусыз қолдану мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді: қолданыстағы шектеулерге қарамастан, антибактериялық препараттар дәрігердің рецептісінсіз, оның ішінде онлайн-сервистер мен цифрлық платформалар арқылы сатылуын жалғастыруда. Бұл өз кезегінде өзін-өзі емдеу жағдайларының және антибиотиктерге төзімділіктің артуына ықпал етеді», - деп жазылған хабарламада.

Сол себепті антибактериялық препараттарды рецептісіз босатуды бақылау күшейтіледі, дәрілік заттарды таңбалау жүйесін қолдану аясы кеңейтіледі, сондай-ақ төзімділіктің даму қаупі төмен антибиотиктерді тіркеуге басымдық беріледі.