2026 жылғы қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша Қазақстанда 1,6 млрд литр минералды су мен алкогольсіз сусын өндірілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17%-ға көп. Ішкі нарықтағы өткізу көлемі 1,7 млрд литрге жетіп, 21%-ға артты.
Сонымен қатар алкогольсіз сусындар импорты 29,6%-ға өсіп, 217,1 млн литрді құрады. Ішкі нарықтағы импорттық өнімнің үлесі 11,4% болды.
Статистика мамандарының айтуынша, экспорттың негізгі бөлігін дәстүрлі түрде қант немесе өзге де тәттілендіргіштер, сондай-ақ хош иістендіргіш және дәмдік қоспалар қосылған сулар мен басқа да алкогольсіз сусындар құрады.
Есепті кезеңде осы өнім түрінің экспорты 172,8 млн литрге жетіп, ақшалай көлемі 75,5 млн АҚШ долларын құрады.
Экспорттың ең ірі нарығын құрап отырған елдер: - Қырғызстан – 94,9 млн литр өнім; - Өзбекстан – 48,3 млн литр; - Ресей – 23,5 млн литр; - Армения – 548,5 мың литр; - Әзербайжан – 342,1 мың литр; - Грузия – 393,5 мың литр.
Бұдан бөлек, Тәжікстанға экспорт 2,5 млн литрден 2,9 млн литрге дейін, Моңғолияға 802,1 мың литрден 930,2 мың литрге дейін, ал Корея Республикасына 117,7 мың литрден 171,5 мың литрге дейін артты.
Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда алкогольсіз сусын өндірісімен 145 кәсіпорын айналысты.
