Қазақстан Қорғаныс министрлігі ҰҚШҰ оқу-жаттығуы аясында әскери техниканың елдің үш облысының аумағында жүріп өтетінін хабарлады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
12–19 қыркүйек аралығында Жетісу облысындағы «Көктал» полигонында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) «Шеп-2026» бірлескен оқу-жаттығуы өтеді. Оқу-жаттығуға дайындық аясында 7–30 қыркүйек аралығында Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарының аумағында әскери техника мен жеке құрам жоспарлы түрде орын ауыстырады.
Ведомствоның мәліметінше, оқу-жаттығу барысында далалық сабақтар өткізіліп, марш дайындығы, бөлімшелерді басқару және қойылған міндеттерді орындау пысықталады. Іс-шаралар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің жауынгерлік даярлық бойынша бекітілген жоспарларына сәйкес жүргізіледі.
«Шеп» оқу-жаттығуы тұрақты негізде ұйымға мүше мемлекеттердің аумағында кезекпен өтеді.
Қорғаныс министрлігі азаматтарды, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін және әлеуметтік желі пайдаланушыларын тексерілмеген ақпаратты таратпауға және ресми дереккөздерде жарияланған мәліметтерді ғана назарға алуға шақырды. Ведомство жалған ақпаратты тарату және шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді жариялау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.
