Қорғаныс министрлігі әскерге шақыру тәртібін түсіндірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Шақыру қағазы қалай жіберіледі
Әскерге шақыру осы ресми құжаттан басталады. Ал оны орындау – әрбір жас азамат үшін міндетті заңды талап.
Шақыру қағазын жеткізу тәсілдері:
- 01қол қойдыру арқылы адамға жеке тапсыру;
- 02жұмыс беруші немесе оқу орны арқылы жеткізілу;
- 03eGov.kz порталының жеке кабинеті мен eGov Mobile қосымшасы арқылы;
- 04SMS хабарлама.
Құжатта әскери комиссариатқа келу күні, уақыты және мекенжайы көрсетіледі.
Қандай құжаттар қажет
Шақырту келгеннен кейін алдымен деректердің дұрыстығын тексеру керек.
Қажетті құжаттар:
- 01жеке куәлік;
- 02тіркеу куәлігі (бар болса);
- 03білім туралы құжаттар немесе оқу орнынан анықтама;
- 04медициналық қорытындылар;
- 05кейінге қалдыруға құқық беретін құжаттар.
Әскерге бармағаны үшін қандай жаза бар
Комиссариатқа дәлелді себепсіз келмеген жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, ал жүйелі түрде жалтару, яғни әскерден түрлі сылтаулармен қашу қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Шақыру қағазы бойынша белгіленген уақытта келу мүмкін болмаса, жергілікті әскери басқару органын алдын ала хабардар етіп, себебін құжатпен растау қажет.
Аурып қалған жағдайда медициналық анықтама, оқу немесе жұмысқа байланысты болса, тиісті растайтын құжаттар ұсынылады. Дәлелді себеп міндетті түрде тіркелуі тиіс.
Әскерге шақыру мерзімін шегеру талаптары
Заң бойынша білім алуды жалғастыру, отбасы және денсаулық жағдайына байланысты әскерге шақыру мерзімін шегеруге болады. Сондай-ақ осы мүмкіндікті бірқатар азаматтар пайдалана алады.
Олар:
- 01ауылдық жерлерде жұмыс істейтін педагогтер мен дәрігерлер;
- 02депутаттар;
- 03азаматтық авиация және кеме экипаждарының мүшелері;
- 04құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіптік даярлықтан өтіп жатқан тұлғалар.
Әскерге шақыру мерзімін шегеру үшін растаушы құжаттарды және әскерге шақыру комиссиясының шешімін алу қажет.
"Егер әскерге шақырылушы шетелде күндізгі бөлімде оқитын болса, әскерге шақыру мерзімін шегеруді рәсімдеу үшін оқу орнынан анықтама алып, eGov.kz порталы арқылы өтініш беру тиіс. Қажет болған жағдайда анықтама қазақ немесе орыс тіліне нотариалды куәландырылған аудармасымен бірге ұсынылады", – дейді министрлік мамандары.
Шешімді әскерге шақыру комиссиясы қабылдайды.
