Қазақстанда аэротакси мен ұшқышсыз авиацияны дамытуға арналған заңнамалық негіз қалыптастырылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

24 маусымда президент "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол қозғалысы және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды. Бұл түзету "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" заңға енгізілді.

Министрлік мәліметінше, осы шешім арқылы Қазақстан қалалық Urban Air Mobility – UAM әуе мобильдігі нарығын құқықтық тұрғыдан реттеп, АҚШ, Еуропалық одақ, Оңтүстік Корея және Қытаймен қатар eVTOL саласындағы дамыған нормативтік-құқықтық базасы бар мемлекеттердің қатарына қосылды.

Заңға мынадай 7 негізгі түзету енгізілді: - "жетілдірілген әуе мобильдігі" ұғымы енгізіліп, оның түрлері – қалалық және өңіраралық әуе мобильдігі айқындалды; - тік ұшып-қону мүмкіндігі бар электр әуе кемелерін (eVTOL) және жетілдірілген әуе мобильдігіне жатқызылған өзге де әуе кемелерін пайдаланудың құқықтық негізі қалыптастырылды; - жетілдірілген әуе мобильдігінің инфрақұрылымы ретінде вертипорттардың құқықтық мәртебесі бекітіліп, олардың жұмыс істеу ерекшеліктері айқындалды; - авиациялық техниканы әзірлеушілер мен өндірушілерді, қалалық әуе мобильдігі операторларын және азаматтық қашықтан басқарылатын авиациялық жүйелерді сертификаттаудың жаңа тетіктері енгізілді; - ұшқышсыз әуе қозғалысына қызмет көрсету жүйесінің құқықтық мәртебесі айқындалды. Бұл жүйе ұшқышсыз авиациялық жүйелердің ұшуын цифрлық басқарып, ақпарат алмасып, маршруттауды және әуе кеңістігін пайдалануды үйлестіреді; - ұшқышсыз әуе қозғалысына қызмет көрсететін цифрлық инфрақұрылым мен киберқауіпсіздікке қойылатын талаптар белгіленді; - азаматтық ұшқышсыз авиациялық жүйелерді мемлекеттік реттеу тетіктері жетілдіріліп, оларды тіркеу, пайдалану, сертификаттау және ұшуларды ұйымдастыру мәселелері қамтылды.