ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерінің бүкіл мансабын бірыңғай цифрлық жүйеге көшіреді. Жаңартылған Ұлттық кадрлық ресурстарды есепке алу жүйесі маманның жолын – медколледжге түсуден бастап біліктілігін арттыруға, жұмысқа орналасуға және жұмыс орнын ауыстыруға дейін қадағалайды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жоба бұйрығы ашық НҚА порталында жарияланды. Құжатта: «Кәсіби тізілім мамандарды даярлау, студенттер мен резидеттердің білім траекториясы, медицина қызметкерлерінің кәсіби қызметі, біліктілік деңгейі, үздіксіз кәсіби дамуы, кадрлық қозғалысы және денсаулық сақтау жүйесінің медициналық кадрларға қажеттілігі туралы мәліметтерді жинақтауға мүмкіндік береді», – делінген.
Сондай-ақ жоба тізілімнің мемлекеттік жүйелермен цифрлық интеграциясын кеңейтуді көздейді. Бұл деректердің өзектілігі мен дұрыстығын арттыруға, ақпараттың қайталануын азайтуға және мемлекеттік ресурстар арасында мәліметтер алмасуды тиімдірек етуге мүмкіндік береді.
Жеке деректерді қорғау және киберқауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылған. Жоба ақпаратты қорғау, ақпараттық жүйені сүйемелдеу және оның тұрақты әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету талаптарын күшейтеді.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл жаңалық денсаулық сақтаудың кадрлық әлеуетін мемлекеттік басқару сапасын арттыруға және медициналық кадрларға қажеттілікті дәлірек болжауға мүмкіндік береді деп күтеді.
Азаматтар үшін бұл медициналық кадрларды даярлау және бөлу жүйесінің ашық әрі тиімді болатынын білдіреді. Бұл медициналық ұйымдарды қажетті мамандармен уақтылы қамтамасыз етуге және бүкіл ел бойынша медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін қосымша жағдайлар жасауға көмектеседі.
Бұған дейін «Курсив» Денсаулық сақтау министрлігі медициналық жоғары оқу орындарындағы орын саны ауруханалар мен емханалардың нақты сұраныстарына қарай есептелетін жаңа ережелер дайындағанын жазған болатын. Тар мамандардың сыни тапшылығы бар өңірлерге ерекше көңіл бөлінеді.
Егер мақала сізде алаңдаушылық тудырса, оны жасанды психологпен талқылаңыз.
