Қазақстанда 4,5 миллионнан астам әйел экономиканың әртүрлі салаларында еңбек етуде. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
2026 жылғы I тоқсанда Қазақстандағы жұмыспен қамтылған әйелдер саны 4 527,1 мың адамды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42,6 мың адамға немесе 0,9% көп.
Олардың ішінде 3 602,0 мың адам (экономикадағы жұмыспен қамтылған әйелдердің жалпы санының 79,6%-ы) жалдамалы қызметкерлер болса, 925,1 мың адам (20,4%) өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.
Жұмыспен қамтылған әйелдердің ең көп үлесі дәстүрлі түрде білім беру саласында шоғырланған. Бұл салада 902,2 мың әйел еңбек етеді, бұл жұмыспен қамтылған әйелдердің жалпы санының 19,9% құрайды.
Екінші орында көтерме және бөлшек сауда саласы – 877,6 мың адам (19,4%), үшінші орында денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласы – 426,3 мың адам (9,4%).
Сондай-ақ өнеркәсіпте 388,1 мың әйел (8,6%), ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында 351,2 мың әйел (7,8%) жұмыспен қамтылған.
Өңірлер бөлінісінде жұмыспен қамтылған әйелдер санының ең жоғары өсімі Қарағанды облысында (+7,8%), Ақтөбе облысында (+6,5%), Алматы қаласында (+6,3%) және Түркістан облысында (+6,1%) байқалды.
Қала халқы арасында жұмыспен қамтылған әйелдер саны ауылдық жерлермен салыстырғанда жоғары болды. Қалалық жерлерде жұмыспен қамтылған әйелдер саны 3 008,5 мың адамды құрады.
