Қазақстан азаматтығы жоқ шетелдіктерге арналған 550 гранттың иегерлері анықталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Биылғы стипендиялық бағдарлама аясында бөлінген гранттардың басым бөлігі бакалавриатқа тиесілі:

  • 01бакалавриат – 490 грант;
  • 02магистратура – 50 грант;
  • 03докторантура – 10 грант.

Конкурстық іріктеуге әлемнің 71 елінен 16 098 үміткер қатысты. Ең көп өтінім Палестина, Индонезия, Ресей Федерациясы, Өзбекстан Республикасы және Ауғанстаннан келген үміткерлерден түсті.

Алғаш рет стипендия иегерлері қатарында АҚШ, Италия, Германия, Мальдив Республикасы және Корея Республикасы азаматтары бар. Қатысушылардың едәуір бөлігін Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ қазақ ұлтының өкілдері – қандастар құрады.

Министрлік мамандарының пікірінше, аталған санаттағы азаматтарға арналған бағдарламаны іске асыру Қазақстанда сапалы білім алуға қолжетімділікті кеңейтуге және тарихи отанымен байланысты нығайтуға ықпал етеді.

Грант иегерлері Қазақстанның 27 жоғары оқу орнында білім алады. Соның ішінде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, Astana IT University, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті бар.

Айта кетері, 2019 жылы басталған бағдарлама халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ дарынды шетелдік жастарды Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарына тартуға арналған.