Соңғы бес жылда Қазақстанда 1 млн-нан астам оқушы орнына арналған 1120 мектеп салынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны мен оқушы орындарының тапшылығы төрт есе, ал апатты мектептер саны екі есе қысқарды.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы
Министрлік атап өткендей, негізгі жобалардың бірі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Осы жоба аясында еліміз бойынша 460 мың оқушы орнына арналған 217 мектеп салынды, оның 84-і ауылдық жерлерде орналасқан.
«Бұл мектептерде STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, коворкингтер, хореография және спорт залдары қарастырылған», – дейді министрлік.
Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры
2023 жылы құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы 100 мыңға жуық оқушы орнына арналған 90 нысанның құрылысы қаржыландырылды. Оның 83-і пайдалануға берілді, тағы жетеуін жыл соңына дейін ашу жоспарланып отыр.
Алдағы жоспарлар
Алдағы үш жылда тағы 1300 мектепті реновациялау жоспарланған. Оның 820-сы ауылдық жерлерде орналасқан. 2026 жылы 60 мыңға жуық оқушы орнына арналған тағы 101 мектеп салу жоспарланып отыр.
Негізгі мақсат – оқушы орындарының тапшылығын жүйелі шешіп, қала мен ауыл балаларына бірдей заманауи білім алу жағдайын жасау.
