Биыл Қазақстанда әртүрлі салада 4,4 трлн теңгеге инвестициялық келісім жасалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Үкіметтің мәліметінше, негізгі капиталға салынған инвестициялар 23,5 трлн теңгеге дейін өсті. 2019–2025 жылдар аралығында олардың көлемі 1,9 есеге артты.

Өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар үш есеге өсіп, 3 трлн теңгеге жетті. Ал оның жалпы инвестициялар көлеміндегі үлесі 12,7%-ды құрады.

Сонымен қатар жаңа фармацевтикалық өндірістерге 173 млрд теңге инвестиция салынады. 2026 жылғы қаңтарда төрт жаңа жоба бойынша келісімдер мақұлданды. Олар 356 атаудағы дәрілік заттарды өндіруді локализациялауды және сұранысқа ие препараттардың отандық өндірісін кеңейтуді көздейді, деп жазылған хабарламада.

Ал тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 20,5 млрд долларға жетті. 2025 жылы бұл көрсеткіш 14,4%-ға өсті.

Капитал шикізаттық емес салаларға – өңдеу өнеркәсібіне, қаржы секторына және байланыс саласына барған сайын көбірек бағытталып жатыр.