«Қазгидромет» алдағы үш күнге жасалған ауа райы болжамын жариялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

30 шілде мен 1 тамыз аралығында еліміздің басым бөлігінде найзағай ойнап, өткінші жаңбыр жауады деп болжанып отыр. Кей жерлерде жел күшейіп, бұршақ жаууы мүмкін. Елдің солтүстік-батысында, солтүстігі мен шығысында нөсер жауын болады.

Ал Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында Ираннан келетін құрғақ ауа массаларының әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады, – дейді синоптиктер.

Алдағы күндері барлық өңірде ауа температурасы жоғарылайды. Солтүстік-батыс пен солтүстік аймақтарда 1 тамыздағы қатты ыстықтан кейін температура +25…+35 градусқа дейін төмендейді. Басқа өңірлерде: орталық және оңтүстік-шығыста — +33…+41 градус; оңтүстікте — +35…+44 градус болады.