Алдағы күндері Қазақстанда 40 градус ыстық болады, деп болжайды Қазгидромет. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Синоптиктердің хабарлауынша, 7-9 шілде аралығында Қазақстанда құбылмалы ауа райы сақталады. 7-9 шілде аралығында елдің батысында, шығысында және оңтүстік-шығысында, 7 және 8 шілдеде солтүстікте, 7 шілдеде – орталық және шығыс облыстарда, 8 шілдеде батыста және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында жаңбыр мен найзағай күтіледі.
Батыс, оңтүстік және шығыс аймақтарда жел күшейеді деп болжанып отыр. Синоптиктер қатты ыстық болатынын ескертті.
Республиканың солтүстік-батысы мен орталығында ауа температурасы +35, +39 градусқа дейін ысиды.
Кейбір аймақтарда температура +41 градусқа дейін көтеріледі.
Солтүстікте температура +35-38 градус шамасында болады.
Елдің қалған бөлігінде температураның айтарлықтай өзгеруі күтілмейді.
