Ұлттық қордың есебінен 347 стратегиялық жобаны іске асыруға 5 трлн теңге қарастырылған. Бұл туралы қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Инвестициялар қалай бөлінеді

5 трлн теңге алдағы үш жылда жұмсалады. Оның 4,4 трлн теңгесі төрт негізгі бағытқа – көлік және логистикаға, әлеуметтік салаға, энергетика мен су ресурстарына бағытталады.

«Бұл елге қажетті жобалар перинаталдық орталықтар мен өңірлік ауруханалар, жылу және газ желілері, автомобиль жолдары мен су инфрақұрылымдары. Бұл инвестициялардың маңызы инфрақұрылымды дамытумен ғана шектелмейді. Олар тікелей әлеуметтік-экономикалық нәтиже береді», – деді Бейсенбекұлы Құрылтайдағы отырыста.

31 мың жұмыс орны ашылады

Оның айтуынша, барлық жобаны іске асыру нәтижесінде шамамен 31 мың жұмыс орны ашылады. Соның 25 мыңы тұрақты жұмыс орны болады.

«Сонымен қатар бюджетке шамамен 3,7 трлн теңге салық түсімі түседі», – деді вице-министр.

Тоқаевтың тапсырмасы

Айта кетері, бұған дейін Тоқаев Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыру қажеттігін айтқан болатын.