Қазақстанда шағын гидроэлектр станцияларын (ГЭС) салу үшін 32 нысан іріктелді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, «Қазсушар» РМК-ның су шаруашылығы нысандарында шағын гидроэнергетиканың әлеуетін арттыру жөніндегі Жол картасы аясында шағын ГЭС салу үшін 32 нысан іріктелді.

Бірінші кезең: бес нысан

Бірінші кезеңде бес нысанда шағын гидроэлектр станциясын салу жоспарланып отыр:

  • 01Қарағанды облысындағы Самарқан су қоймасы;
  • 02Ақтөбе облысындағы Қарғалы су қоймасы;
  • 03Абай облысындағы Қаракөл су қоймасы;
  • 04Қостанай облысындағы Қаратомар және Жоғарғы Тобыл су қоймалары.

Бұл станциялардың жалпы қуаты шамамен 9 МВт болады.

Екінші және үшінші кезеңдер

Екінші кезеңде 18 нысанда жалпы қуаты шамамен 25 МВт болатын ГЭС салу көзделген. Үшінші кезеңге әлеуеті бар 9 нысан енгізілді. Оның алтауы Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында жоспарланып отырған жаңа су қоймаларында орналасады.

Министрдің пікірі

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, бірінші және екінші кезеңдер бойынша қажетті құжаттар әзірленіп, жобаларды іске асыру мәселелері пысықталып жатыр.

Қазіргі уақытта «Қазсушар» РМК балансында Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ трансшекаралық Қорғас өзенінде жалпы қуаты шамамен 5 МВт болатын үш шағын ГЭС бар.