«Қазгидромет» болжамы бойынша, 31 шілдеде Қазақстанда ауа райы қарама-қайшы болады. Елдің батысында, солтүстігінде және шығысында найзағайлы жаңбыр, кей жерлерде қатты нөсер, бұршақ және дауылды жел күтіледі. Оңтүстік өңірлерде аномальды ыстық сақталады, ал кей жерлерде шаңды дауыл болжанады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Синоптиктердің мәліметінше, Ақтөбе, Қостанай және Қарағанды облыстарының оңтүстігінде, сондай-ақ Ұлытау облысында ауа температурасы 40–41 градусқа жетеді. Қызылорда және Түркістан облыстарында 40–44 градусқа дейін көтеріледі. Алматы, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Ұлытау және Жетісу облыстарында ауа 35–39 градусқа дейін жылынады.

Елдің басым бөлігінде өрт қауіпінің жоғары және төтенше класы сақталады.

Штормдық ескертулер Ақтөбе, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай облысында жарияланды, мұнда найзағай, қатты жаңбыр, бұршақ, дауыл және желдің күшеюі күтіледі.

Қызылорда және Түркістан облыстарының жекелеген аудандарында шаңды дауыл болжанады.

Ірі қалаларда да қатты ыстық күтіледі. Астанада ауа 35–37 градусқа дейін, Шымкентте 40–41-ге дейін, Түркістанда 42–44-ке дейін, Қызылордада 40–42 градусқа дейін жылынады. Алматыда төтенше өрт қауіпі сақталады.

Бұған дейін синоптиктер қазақстандықтарға тамыз айында кейбір өңірлерде +25 градусқа дейін суытатынын уәде еткен болатын.