Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында республикалық патриоттық әндер байқауы жарияланды. Елдің түкпір-түкпірінен ақындар мен композиторлар 6 млн теңгелік бас жүлде үшін бақ сынаса алады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жобаның басты мақсаты — талантты авторларды қолдау, Отан туралы жаңа музыкалық шығармалар жасау және патриоттық әнді кеңінен насихаттау.

Байқауға кәсіби ақындар мен композиторлар да, бастаушы авторлар да қатысуға шақырылады. Басты шарт — байқауға бұрын еш жерде жарияланбаған және орындалмаған шығармалар ғана қабылданады.

Байқау үш бағыт бойынша өтеді (қатысушылар жұмыстарын бір немесе бірнеше бағытта ұсына алады):

  • 01Бірінші бағыт — патриоттық әндер;
  • 02Екінші бағыт — Отан туралы әндер;
  • 03Үшінші бағыт — ұлттық бірегейлікті бейнелейтін әндер.

Байқаудың жалпы жүлде қоры 30 млн теңгені құрайды, ол демеушілік қаражат есебінен қалыптастырылған.

Қатысушылардың жұмыстарын белгілі композиторлар, ақындар және музыка сарапшылары кірген сараптамалық кеңес бағалайды. Іріктеудің негізгі критерийлерінің қатарында — музыка мен мәтіннің сапасы, шығармашылық ойдың өзіндік ерекшелігі және тыңдарманның эмоционалдық әсері.

«Байқау заман рухын бейнелейтін, Отан мен ұлттық бірегейлік тақырыптарын ашатын және тыңдарман жүрегінен орын алатын әндерді жасауды қолдауға бағытталған», — деді сараптамалық кеңес мүшесі, ақын Қалқаман Сарин.

Байқауға өтінімдер 2026 жылдың 5 желтоқсанына дейін khabar.kz/konkurs ресми сайтында қабылданады.

Жеңімпаздар мен Гран-при иегерінің есімдері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күні қарсаңында жарияланады. Жобаның басты ақпараттық серіктесі — «Хабар» агенттігі» АҚ.