Қазақстанда амнистияға 3 мыңға жуық әйел ілігуі мүмкін, деп хабарлады Ішкі істер министрлігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомство жаңа Конституция қабылдануына орай амнистия туралы заңның қалай жұмыс істейтінін түсіндірді. Онда сотталған әйелдердің құқықтық жағдайын жақсартуға және босатуға ерекше көңіл бөлінген.

ІІМ деректері бойынша, заңның әрекеті 2 902 әйелге таралады. Оның 249-ы қазір бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүр, көпшілігі пробациялық бақылауда, тағы бір бөлігі тергеу астында.

Кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге ерекше назар аударылған. Амнистияға бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген 60 әйел ілігуі мүмкін. Олар үшін босату немесе жаза мерзімін қысқарту қарастырылуы мүмкін.

Сонымен қатар, пробациялық бақылаудағы және бала тәрбиелеп отырған 71 әйелді жазаны одан әрі өтеуден босатуға болады. Кәмелетке толмаған балалары бар және тергеу астындағы тағы 54 әйел де заңда қарастырылған амнистия шараларын пайдалана алады.

Жалпы амнистия 15 мыңнан астам сотталғанды қамтиды. Алдын ала есептеулер бойынша, 4,5 мыңға жуық адам қылмыстық жауапкершіліктен және жазадан босатылады. Тағы 10,8 мың сотталғанға жаза мерзімі немесе мөлшері қысқартылуы мүмкін.

«Амнистия автоматты сипатта емес, жоғарыда аталған сотталғандардың барлығы босатылмайды. Заңды әрбір нақты адамға қолдану оның жасаған қылмысының санатына, түзеу мекемелеріндегі мінез-құлқына, залалды өтеуіне және т.б. байланысты анықталады. Кейбір азаматтар жазаны одан әрі өтеуден толық босатылса, басқаларына өтелмеген бөлігі қысқартылады немесе заңда көзделген басқа жеңілдету шаралары қолданылады», — деп атап өтті ІІМ.

Ведомство Қазақстанда Конституцияның 30 жылдығына орай жақында ауқымды амнистия жүргізілгенін еске салды. Сонда оның әрекеті шамамен 10 мың сотталғанға таралған, оның 3,3 мыңы әйелдер болған.

ІІМ соңғы жылдары елде заң бұзған әйелдерді қолдау бойынша жүйелі шаралар қабылданғанын атап өтті. 2025 жылдан бастап ҚР ҚК 74-бабына өзгерістер күшіне енді. Жаңартылған норма бойынша, сот кәмелетке толмаған балалары бар немесе тәрбиелеп отырған әйелдерге жазаны орындауды бес жылға дейін, бірақ бала 14 жасқа толғанға дейін кейінге қалдыруға міндетті.

Бүгінде бұл норма бұрын бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуі тиіс 667 әйелге қолданылған. Бұл олардың отбасында қалып, бала тәрбиесімен айналысуына мүмкіндік берді. Ұқсас кепілдік енді кәмелетке толмаған баланы өз бетінше тәрбиелеп отырған ер адамдар үшін де қарастырылған.

Сонымен қатар, парламент қылмыстық, қылмыстық-процестік, қылмыстық-атқару заңнамасын және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті Конституцияға сәйкестендіру мәселелері бойынша заң қабылдады.

Құжат әйелдерді ұстау жағдайларын жақсартуға бағытталған нормаларды қамтиды. Атап айтқанда, әйелдердің толық қауіпсіздік мекемелерінде жазасын өтеуіне тыйым салу, отбасымен телефон арқылы сөйлесу шектеулерін алып тастау, кәмелетке толмаған балалары бар әйелдер үшін жазаны мерзімінен бұрын алып тастау мүмкіндігін енгізу қарастырылған.

Жүкті сотталған әйелдерге қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен тыс азаматтық перзентханаларда босану мүмкіндігі беріледі.

Сонымен қатар, әлеуметтік-тұрмыстық кепілдіктер кеңейтіледі. Бұл жөнелтілімдер мен кездесулер санын, серуендеу ұзақтығын, сондай-ақ азық-түлік және бірінші қажеттілік тауарларына арналған шығыстардың мөлшерін ұлғайтуды қамтиды.

Сонымен бірге ІІМ амнистия сыбайлас жемқорлық, террористік және экстремистік қылмыстар, азаптау, кісі өлтіру, адам саудасы, мемлекеттік сатқындық, жыныстық қол сұғылмаушылыққа, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар, әйелдер мен балаларды азаптау, сондай-ақ бірқатар басқа аса қауіпті әрекеттер үшін сотталған адамдарға қолданылмайтынын еске салды.

Ведомство әйелдерге қатысты ізгілікті актілерді қолдану мысалдарын келтірді. Мәселен, 25 жастағы әйел ұрлық үшін бес жылға бас бостандығынан айыруға сотталған. Ол Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Амнистияның арқасында әйел отбасына оралып, бала тууға дайындалып, бас бостандығынан айыру орындарынан тыс жаңа өмір кезеңін бастай алады.

Тағы бір 35 жастағы сотталған әйел де амнистияны пайдаланды. ІІМ деректері бойынша, әйел закладчик болып жұмыс істеуге келісіп, бес жылға бас бостандығынан айыруға сотталған. Үйде оны күйеуі мен екі баласы күтіп отыр. Амнистияның арқасында оның жаза мерзімін қысқартуға және жақындарына ертерек оралуға мүмкіндігі бар.

Бұған дейін «Курсив» қылмыстық және әкімшілік амнистияға азаматтардың қандай санаттары ілігуі мүмкін екенін айтқан болатын.