Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ведомствоның алқа отырысында табиғи және антропогендік факторлардың әсерінен жердің тозу қаупі әлі де сақталып отырғанын айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Қазақстан үшін жер – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық ресурс. Қазіргі таңда айналымда 117,7 млн гектар жер бар. Оның ішінде 26,5 млн гектары – егістік, 83,9 млн гектары – жайылым, 2,4 млн гектары – шабындық және 4,9 млн гектары өзге санаттағы жерлер. Табиғи және антропогендік факторлардың әсерінен жердің тозу қаупі әлі де сақталып отыр», - деді Сапаров.

Осы мәселені жүйелі түрде шешу мақсатында мемлекет бірқатар кешенді шараларды жүзеге асырып жатыр. Соның ішінде БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясы аясында жердің тозуын бейтараптандыру көрсеткіштеріне қол жеткізу бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жиында белгілі болғандай, мамандар 53,5 млн гектар аумақтағы жердің тозу карталарын жаңартқан. «Зерттелген аумақтардағы нақты тозған жер көлемі 2,7 млн гектарды немесе шамамен 5%-ды құрайды. Барлық 182 млн гектар ауыл шаруашылығы алқаптарына мониторинг жүргізу жұмыстары 2029 жылға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр», - деді министрлікте.

Сонымен қатар 2022 жылдан бері мемлекет меншігіне 15 млн гектар жер қайтарылып, оның 11,3 млн гектары қайта бөлінгені айтылды. Соның ішінде 4,2 млн гектар жер ортақ пайдалануға берілді. Нәтижесінде жайылым тапшылығы 3,5 млн гектарға дейін қысқарды.