2026 жылғы егін жинау науқанының қорытындысы бойынша Қазақстанда 24,3 млн тонна астық жиналды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бұл — соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Осы уақыт аралығында мұндай нәтижеден жоғары көрсеткіш тек екі рет тіркелген.
Астық сапасы да жоғары
Биыл жиналған астықтың көлемі ғана емес, сапасы да жақсы. Алдын ала мәліметтер бойынша, элеваторларға тапсырылған жұмсақ бидайдың шамамен 72%-ы үшінші сыныпқа жатады. Зерттелген бидай үлгілерінің 48%-ында дән маңызының мөлшері 28%-дан жоғары.
Ақмола облысында үшінші сыныпты бидайдың үлесі 90%-ға, ал ақуызы жоғары Hi-Pro санатындағы бидайдың үлесі 70%-ға жетті.
Экспорт көрсеткіштері
Қазақстан астық экспортында да жоғары нәтижелер көрсетіп отыр. Соңғы екі маркетингтік жылда еліміз 15,5 млн және 16 млн тонна астық пен ұн экспорттады. Бұл — тәуелсіздік жылдарындағы рекордтық көрсеткіштер.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйектен 19 қазанға дейін Қазақстан 1,657 млн тонна астық экспорттаған. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 9%-ға көп.
Мемлекеттік қолдау
Министрлік хабарлауынша, шаруаларға жеңілдетілген несие беру, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, сапалы тұқымдар мен минералды тыңайтқыштарды жеткізу, заманауи технологияларды енгізу жұмыстарына басымдық беріліп отыр.
