Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, облыс әкімдіктерінің жедел деректері бойынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 19,8 млн тонна мал азығын дайындаған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл көлем алдағы қысқы малды қорада ұстау кезеңіне қажетті жоспарлы пішеннің шамамен 77%-ын құрайды. Министрлік таратқан мәліметке сәйкес, қазіргі уақытта 17,1 млн тонна пішен, 1,5 млн тонна пішендеме, 362,3 мың тонна құрама жем, 91,7 мың тонна сүрлем және 777,2 мың тонна сабан дайындалған.
Сонымен қатар, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ 201,3 мың тонна көлемінде жемдік астық қорын қалыптастырған. Қажет болған жағдайда бұл қор ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жемшөппен қамтамасыз ету үшін пайдаланылады.
2026–2027 жылдардағы қысқы малды қорада ұстау кезеңіне дейін 25,7 млн тонна пішен, 2,3 млн тонна пішендеме, 2,8 млн тонна сүрлем, 4,8 млн тонна сабан және 5,7 млн тонна құрама жем дайындау жоспарланған.
