Қазақстанда 1,9 млн гектар немесе 12,5% алқаптан дәнді дақыл жиналды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жедел штаб отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова биылғы егін жинау науқанының барысы туралы баяндады.

Егін жинау көрсеткіштері

Вице-министрдің мәліметінше, биыл жалпы жиналатын егіс алқабы 24,2 млн гектарды құрайды, оның 15,6 млн гектары дәнді және бұршақты дақылдарға тиесілі. «Бүгінде 1,9 млн гектар немесе 12,5% алқаптан дәнді дақыл жиналды», – деді ол.

Жанар-жағармаймен қамтамасыз ету

Өңірлерге егін жинау жұмыстарын жүргізуге 401 мың тонна дизель отыны бөлінді. Негізгі астық егілетін өңірлердің ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілері үшін дизель отынының бір литрінің құны 305-310 теңгені құрайды. Бүгінгі таңда өңірлерге 65,8 мың тонна отын жөнелтілді.

Дәнді және майлы дақылдарды кептіруге алдын ала 60 мың тонна сұйытылған газ бөлінген.

Астық қоймаларының дайындығы

Отырыста астық қоймаларының дайындығына ерекше назар аударылды. Жалпы сақтау қуаты 30,7 млн тонна болса, ағымдағы жүктеме 2,4 млн тоннаны (17%) құрайды. Алдағы уақытта жаңа жиын-терім науқаны басталатынын ескере отырып, Серік Жұманғарин әкімдіктерге Азық-түлік корпорациясымен бірлесіп, қоймаларды босату жұмысын тездетуді тапсырды.

«Жиын-терім науқаны кезінде уақыт қыспас үшін астық пен майлы дақылды кептіруге қажетті газ бен дизель отыны әзір болуға тиіс. Жылжымалы құрам жеткілікті мөлшерде болып, өнімді сақтайтын астық қоймаларын уақтылы босату қажет», – деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Қант зауыттарын жаңғырту

Сондай-ақ отырыста төрт қант зауыты орналасқан Жамбыл облысы мен Жетісуда қант қызылшасын жинауға дайындық мәселесі қаралды. Қазіргі уақытта Көксу қант зауытын қуаттылығы тәулігіне 2 мың тоннадан 3 мың тоннаға дейін арттырып, жаңғырту жүргізіліп жатыр. Тараз қант зауытында қуаттылығы тәулігіне 3 мың тонна қант қызылшасын өңдеу бойынша жаңа желіні іске қосу-баптау жұмысы жүргізілуде.

Бұл жұмыстарды қазанға дейін аяқтау жоспарланып отыр. 2027 жылға қарай Ақсу зауытының қуатын тәулігіне 4,5 мың тоннаға, Көксу зауытының қуатын 5 мың тоннаға дейін арттыру жоспарлануда.