Қазақстанда шамамен 1,9 миллион азамат жүрек-қан тамыр аурулары бойынша динамикалық бақылауда тұр. 2025 жылы ғана скрининг аясында жүрек ауруларын ерте анықтау үшін бір жарым миллионнан астам қазақстандық тексеруден өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы артериялық гипертония мен жүректің ишемиялық ауруын ерте анықтауға бағытталған скрининг аясында 1,7 миллион адам тексерілген. Нәтижесінде 114 мыңнан астам пациентте қан айналымы жүйесінің аурулары (ҚАЖА) ерте кезеңде анықталды.

«Анықталғандардың ішінде 99 мың пациентке артериялық гипертония (87%), 15 мың азаматқа жүректің ишемиялық ауруы (13%) диагнозы қойылды», – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта елімізде жүрек-қан тамыр аурулары бар шамамен 1,9 миллион пациент динамикалық бақылауда екені атап өтілді.

Ведомство өткен жылдан бастап скрининг бағдарламасы заманауи жоғары сезімтал диагностика әдістерімен толықтырылғанын, бұл ауруларды анықтау деңгейін арттыруға және емдеуді одан да ерте бастауға мүмкіндік беретінін атап көрсетті.

«Тұрақты бақылау, қауіп факторларын бақылау және қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету ауыр зардаптардың ықтималдығын айтарлықтай төмендетуге көмектеседі», – деп санайды Денсаулық сақтау министрлігінде.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) деректері бойынша, қан айналымы жүйесінің аурулары әлемдегі өлімнің негізгі себебі болып қала береді, жыл сайын шамамен 19,8 миллион адамның өмірін қиып, бұл барлық жағдайдың шамамен 32% құрайды.

Еске салайық, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі кардиоқызметтің жұмыс қорытындысын шығарды. 2025 жылы қазақстандық хирургтар ашық жүрекке 13 мың операция жасап, жүзінші жүрек трансплантациясын орындау арқылы межеден асты. Елімізде жүрек-қан тамыр жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім бес жыл ішінде үштен бірінен астамға қысқарды.

Егер мақала сізде алаңдаушылық тудырса, оны жасанды психологпен талқылаңыз.