Үкімет 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салуды көздейтін заң жобасын әзірледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселеге ерекше назар аударып отыр. Ол Құрылтайдың бірінші сессиясында депутаттарға тиісті заңнаманы қарастыруды ұсынған болатын. Қазір бірқатар елде балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына жас шектеулері енгізіліп жатыр. Sputnik Қазақстан осы саладағы әлемдік тәжірибеге шолу жасады.

Шектеуді бірінші болып енгізген мемлекет

Қазір әлемнің көптеген елінде балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеу енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Олардың ішінде Аустралия 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерде аккаунт ашуға тыйым салған алғашқы ел болды. 2025 жылдың соңында қабылданған заңға сәйкес, жауапкершілік ата-аналарға емес, цифрлық платформаларға жүктелген. Олар аккаунт ашатын адамның жасын тексеруге міндетті. Шектеу барлық негізгі әлеуметтік желілерге және кейбір стримингтік сервистерге қатысты. Үкімет бұл тізімді жаңарта алады.

Шектеу енгізілгеннен кейін Аустралияда жаңа аккаунт ашатын пайдаланушылардың жасын банк аккаунты, жеке куәлік көшірмесі немесе видео-селфи арқылы тексеру тәсілдері қолданылды. Үкіметтің есебінде адамның бет-әлпетін талдайтын технология тиімді әдістердің бірі ретінде көрсетілген. Заңды бұзған платформаларға бастапқыда 49,5 млн австралиялық доллар көлемінде айыппұл қарастырылған. Кейін билік бұл соманы арттыруды ұсынды.

Бразилияның тәжірибесі қандай

Биыл наурызда Бразилияда балаларды цифрлық ортада қорғауға бағытталған арнайы заң күшіне енді. Онда әлеуметтік желілерге толық тыйым салынбайды, бірақ балалардың аккаунттарына бірқатар шектеу қойылған. Заңға сәйкес, 16 жасқа дейінгі баланың әлеуметтік желідегі аккаунты ата-анасының немесе заңды өкілінің аккаунтына байланыстырылуға тиіс. Ал тіркелу кезінде платформалар пайдаланушының жасын құжат және биометриялық деректер арқылы тексеруге міндетті.

Сонымен қатар балаларға қауіпті контент анықталған жағдайда ол туралы ақпаратты тиісті органдарға хабарлау талап етіледі. Бұл талаптарды бұзған платформаларға 50 млн реалға дейін айыппұл салынуы мүмкін. Кей жағдайда платформаның жұмысын толық тоқтату да қарастырылған.

Миллиондаған аккаунт бұғатталды

Бразилиядан кейін Индонезия да 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілердегі аккаунттарын бұғаттауға кірісті. Цифрлық технологиялар және байланыс министрлігінің алғашқы тізіміне YouTube, TikTok, Threads, X, Bigo Live және Roblox сияқты платформалар енгізілді. Индонезияда 13 жасқа дейінгі балалар тек жасына арналған қосымшаларды пайдалана алады. 15 жасқа дейін қаупі төмен деп саналатын сервистерге кіруге болады, бірақ ата-ананың рұқсаты қажет. 16 жастан бастап бұл шектеулер қолданылмайды.

Кейбір платформалар пайдаланушының жасын жасанды интеллект арқылы анықтау жүйесін қолданады. Жүйе адамның жасын автоматты түрде анықтайды. Биометриялық деректерді қорғау мақсатында тексеру аяқталғаннан кейін олар жойылады. Үкімет әлеуметтік желідегі аккаунттарды әр адамның жеке сәйкестендіру картасымен байланыстыру мүмкіндігін де қарастырып жатыр.

Еуропа не істеп жатыр

Еуропалық одақта әлеуметтік желілерге қатысты бірыңғай жас шектеуі әзірге жоқ. Испанияда кәмелетке толмағандарды цифрлық ортада қорғауға арналған заң жобасы қаралып жатыр. Онда 16 жасқа дейін әлеуметтік желілерге шектеу енгізу ұсынылған. Норвегия билігі де осындай талапты енгізу туралы заң жобасын әзірлеуде. Грекияда 2027 жылдан бастап 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерде аккаунт ашуға тыйым салу жоспарланып отыр.

Францияда биыл шілдеде осы мәселеге қатысты заң қабылданған. Қыркүйектен бастап 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салу жоспарланған болатын. Алайда тамызда Францияның Конституциялық кеңесі заңдағы әлеуметтік желілерге қатысты негізгі норманы конституцияға қайшы деп таныды. Кеңес бұл шектеу сөз бостандығы мен ақпарат тарату еркіндігіне шамадан тыс әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар баланың жасын тексеру кезінде жеке деректерді қорғауға қатысты құқықтық кепілдіктер жеткіліксіз деп бағаланды. Франция президенті Эммануэль Макрон заң жобасын қайта әзірлеуді тапсырды.

Ұлыбритания қандай шешімге келді

Ұлыбританияда әлеуметтік желілерді пайдалану үшін ең төменгі жас шегін 16 жасқа дейін көтеру мәселесі қаралып жатыр. Жаңа талаптар 2027 жылдың көктемінен бастап енгізілуі мүмкін. Сонымен қатар 18 жасқа толмаған пайдаланушыларға қатысты қосымша шектеулер енгізу ұсынылып отыр. Олардың қатарында әлеуметтік желілерде тікелей эфирге шығу сияқты кейбір функцияларды шектеу бар.

Қазақстанда қалай болады

Қазақстан Үкіметі әзірлеген заң жобасы Құрылтай аясында талқыланып жатыр. Депутаттар құжатты бірнеше рет талқылаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға арналған арнайы SIM-карталарды енгізуді де тапсырған болатын.

"Балаларға арналған міндетті SIM-карталарды енгізу тәжірибесін жаппай таратуды тапсырамын. Бұл олардың ақпараттық иммунитетін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деді Тоқаев биылғы Тамыз конференциясында.

Мамандар әлеуметтік желілердегі алгоритмдер мәселесіне де назар аударуға кеңес береді. Өйткені пайдаланушыларға көрсетілетін контенттің басым бөлігі осы алгоритмдер арқылы іріктеледі.