Қазақстанда «Жылдың 10 оқырманы» кітап марафоны басталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Марафонға қатысу тегін. Ұйымдастырушылар 345 шығармадан тұратын тізім дайындап, қатысушыларды жеті санатқа бөлді: оқушылар, колледж студенттері, жоғары оқу орындарының студенттері, педагогтер, үш ұрпақтан тұратын отбасылық әулеттер, мемлекеттік қызметшілер және басқа да азаматтар. Саяси және зияткерлік қоғам өкілдері үшін «Parasat» атты жеке бағыт қарастырылған.
Қатысушылар өз санатына арналған тізімдегі 15 шығарманы оқып, содан кейін іріктеуден өтуі керек. Жеңімпаздар 2027 жылдың көктемінде анықталады, деп хабарлады ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Марафон 2027 жылдың наурызына дейін жалғасып, 195 аудан мен 87 қаланы қамтиды. Өңірлік іріктеуден кейін шамамен 4 мың жүлдегер анықталады. Олардың ішінен 20 өңірден 200 адам республикалық финалға шығады.
Финалистерге бетпе-бет әңгімелесу және көпшілік алдында сөйлеу сынағы күтіп тұр. Олар оқыған кітаптарын қаншалықты білетінін және әдебиетті талдай алатынын көрсетуі тиіс. Комиссия он жеңімпазды таңдап, әрқайсысына «Жыл оқырманы» атағын беріп, 10 млн теңге көлемінде сыйақы тапсырады.
Марапаттау рәсімі 2027 жылдың 23 сәуірінде, Ұлттық кітап күнінде өтеді. Өткен жылы марафон үш өңірде пилоттық форматта өткізілген. Министрліктің деректері бойынша, ол кезде марафонға шамамен 190 мың қатысушы жиналған.
Бұған дейін «Курсив» қазақстандықтар кітап оқу арқылы 600 мың теңге таба алатыны туралы жазған болатын.
