Қазақстанда 1 қарашадан бастап бірқатар маңызды өзгеріс күшіне енеді. Олардың қатарында мәслихат депутаттарын сайлау, шетелдіктер үшін электронды рұқсат жүйесі және Өзбекстанмен шекарадағы электронды кезекке брондау тәртібі бар. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Мәслихат депутаттарының сайлауы

Бүгін, 1 қарашада сағат 18:00-ге дейін мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды тіркеу аяқталады. Сайлауалды үгіт-насихат 2-27 қараша күндері жүргізілсе, 28 қараша – тыныштық күні деп белгіленіп отыр. Ал 29 қарашада барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді.

Бұған дейін Тоқаев осы саяси науқанды биылдан қалдырмаудың себебін түсіндірген. Президенттің айтуынша, депутаттардың көпшілігі "Amanat" партиясының атынан сайланған болатын. Ал осы саяси ұйым "Әділет" партиясына қосылып, өз қызметін тоқтатты. Демек, мәслихаттарда басым көпшілікке ие болған депутаттар қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындайды. Ондайда тағы сайлау өткізу керек.

Алдағы сайлауда 228 мәслихаттың 3 447 депутатын сайлау жоспарланған. 20 облыстық мәслихатқа 668 депутат; 38 қалалық мәслихатқа 626 депутат; 170 аудандық мәслихатқа 2 153 депутат. Сайлау кезінде әрбір кандидатқа бюджеттен қаржы бөлінеді.

Шетелдіктер үшін QazETA электронды рұқсаты

1 қарашадан бастап QazETA электронды рұқсаттар жүйесі біртіндеп енгізіледі. Қазақстанға визасыз кіре алатын шетелдіктер электронды рұқсат алуы керек. Әуелі бұл жүйе Ақтау халықаралық әуежайында, сондай-ақ шекарадағы "Өрлітөбе" (Павлодар облысы), "Ауқатты" (Жамбыл облысы), "Атамекен" (Түркістан облысы) мен "Нұрлы жол" (Жетісу облысы) өткізу бекеттерінде енгізіледі.

Рұқсаттарды елге кірерден кемінде 72 сағат бұрын, жеке басты сәйкестендіру немесе аутентификация рәсімінен өткеннен кейін, ресми QazETA мобильді қосымшасы арқылы алуға болады. Әзірше электронды рұқсат алу міндетті талап емес. 2027 жылы 1 шілдеден бастап Қазақстанға кіретін барлық шетел азаматы QazETA рұқсатын алуы қажет. Ал 16 жасқа дейінгі балалар мен 65 жастан асқан азаматтар электронды рұқсатсыз кіре алады.

Өзбекстанмен шекарада электронды кезек

2026 жылғы 9 қарашадан бастап Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы үш өткізу бекетінде электронды кезекке брондау кезінде тасымалдаушылар 20 АЕК мөлшерінде, яғни 86 500 теңге кепілдік жарнасын төлеуі тиіс. Жаңа талап халықаралық жүк тасымалымен айналысатын және "Қазығұрт", "Б. Қонысбаев" және "Атамекен" өткізу бекеттері арқылы өтетін тасымалдаушыларға қатысты болады.

Электронды кезекке брондау үшін тасымалдаушының арнайы электронды шотында қажетті мөлшерде кепілдік жарнасы болуы тиіс. Көлікті өткізу бекетіне белгіленген уақытта келген жағдайда, қаражат тасымалдаушының шотына толық көлемде автоматты түрде қайтарылады. Егер тасымалдаушы 90 күнтізбелік күн ішінде қатарынан екі рет брондалған уақытта өткізу бекетіне келмесе, кепілдік жарнасы қайтарылмайды.