2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 4,1%-ға өсті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, бұл көрсеткіш бірінші жартыжылдықтағы деңгеймен бірдей. Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, мұнай өндіру көлемінің 8,9%-ға, яғни 53,2 млн тоннаға дейін төмендеуіне және жаһандық нарықтың құбылуына қарамастан, экономикадағы оң динамика сақталды.
Министрлік хабарламасында: "Экономикалық өсім негізінен шикізаттық емес секторлардың есебінен қалыптасып отыр. Ұлттық экономика министрлігінің есептеуінше, биылғы жеті айда бұл секторлар 5,4%-ға өскен", - делінген.
Экономиканың негізгі драйверлерінің бірі – өңдеу өнеркәсібі. Бұдан бөлек, құрылыс саласында 15,3%, көлік және қойма шаруашылығында 7,4%, саудада 5,9%, ауыл шаруашылығында 5%, байланыс саласында 4,3% өсім тіркелді.
Айта кету керек, экономиканы кезең-кезеңімен әртараптандырудың нәтижесінде экономикадағы мұнай секторының рөлі айтарлықтай төмендеді. Министрлік мамандары: "Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндірудің ЖІӨ құрылымындағы үлесі 7,8%-ға дейін қысқарды", - дейді.
