Қазақстанда баспанаға мұқтаж 1 млн адамның 53%-ы 35 жасқа дейінгі жастар, оның ішінде 565 мыңы өз үйін қажет етеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Отбасы банкінің мәліметінше, қазақстандық жастар үшін өз баспанасына қол жеткізу мәселесі өзекті болып қала береді. Баспанаға мұқтаждар есебінде тұрған 1 млн адамның 53%-ы 35 жасқа дейінгі азаматтар. Жас санаттары бойынша ең жоғары сұраныс ең жас топта байқалады: мұқтаждардың 21%-ы 25 жасқа дейінгі қазақстандықтар, 13,5%-ы 25-29 жас аралығындағылар, тағы 18,5%-ы 30-34 жас аралығындағылар.
Отбасы банкінің өз бағдарламаларына қарамастан, тапшылық сақталуда. Банк жұмыс істеген барлық уақыт ішінде 35 жасқа дейінгі 283 мың отбасы өз баспанасын сатып алды. Тек соңғы 2,5 жылда 68 мың отбасы жаңа үйге кірді.
Жастардың баспана алуында «Наурыз» бағдарламасы үлкен рөл атқарады. Ол бойынша берілген 20 мың несиенің 12,5 мыңы 35 жасқа дейінгі қазақстандықтарға тиесілі. Жеңілдікті өңірлік бағдарламалардың арқасында 12,4 мың жас отбасы баспана алды.
«Біз үшін бұл жай ғана сандар емес. Олардың әрқайсысының артында өз үйін тапқан адамның нақты тарихы тұр. Жастар пәтер сатып алғанда, олар өз болашағын Қазақстанмен, өз қаласымен байланыстырады. Сондықтан жаңа үйге кірген әрбір жас отбасы – елдің дамуына қосылған үлес», – деді Отбасы банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Бұған дейін 16-24 жас аралығындағы қазақстандық жастар басқа жас топтарымен салыстырғанда ең төмен жалақы алатыны хабарланған болатын.
