Қазақстан командасы Братиславада өткен жастар (U20) арасындағы грек-рим, еркін және әйелдер күресінен әлем чемпионатының медальдық есебінде 9-орынға ие болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жарыстың соңғы күнінде еркін күрес шебері Нұрдәулет Сейлбек 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алды. Үшінші орын үшін өткен белдесуде Сейлбек италиялық Алессио Антонио Перентиннен басым түсті – 10:5.
Қола жолында Нұрдәулет румындық Каталин Спинаны – 11:1, түрік Умут Юслуды – 3:1 есебімен ұтса, жартылай финалда АҚШ-тан келген Джейден Джеймске – 4:13 есебімен есе жіберді.
Оның құрбылары, еркін күрес шеберлері Сұңқар Сейдахмет (70 кг), Самир Дурсунов (97 кг) және Риза Изахар (125 кг) медальдық белдесулерге жете алмады.
Братиславада Қазақстанды 30 спортшы – 20 жігіт пен 10 қыз өкілдік етті. Біздің спортшылардың еншісінде әртүрлі дәрежедегі бес медаль бар. 67 келіге дейінгі салмақта классикалық күрес шебері Қызыбек Қалмағамбетов алтын алды. Күміс жүлдені еркін күрес шебері Бекасыл Асамбек (61 кг) қоржынға салды. Қола медальдарды Улдана Тилеухан (68 кг), сондай-ақ еркін күрес шеберлері Нұрасыл Асамбек (57 кг) және Нұрдәулет Сейлбек алды.
Медальдық есепте Қазақстан Армениямен 9-орынды бөлісті. Ал жеңімпаз атанған Жапония құрамасы мәреге ресейліктерден озып жетті. Үшінші орынды АҚШ спортшылары иеленді.
Халықаралық күрес федерациясының (UWW) эгидасымен Словакия астанасында өткен әлем біріншілігіне 700 жас спортшы қатысты. Олар күрестің үш түрінен – грек-рим, еркін және әйелдер күресінен 120 медальды сарапқа салды.
