Жапонияның Айчи префектурасы мен Нагоя қаласында 18-24 қазан аралығында өткен V Азия Пара ойындарында Қазақстан ұлттық командасы өз жарыстарын аяқтады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Құрлықтық додада қазақстандық спортшылар 12 алтын, 16 күміс және 22 қола медаль жеңіп алып, жалпы саны 50 жүлдеге қол жеткізді. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан командасы тоғызыншы орынға тұрақтады.
Азия Пара ойындарында Қазақстан намысын спорттың 12 түрінен 150 спортшы қорғады. Ұлттық құрама пара дзюдо, пара велоспорт, пара жүзу, пара пауэрлифтинг, пара жеңіл атлетика, пара садақ ату, пара оқ ату, пара үстел теннисі, пара таеквондо, бочча, арбадағы теннис және волейболды отырып ойнаудан сынға түсті.
Ұлттық құрама ең көп медальді пара дзюдодан жеңіп алды. Бұл спорт түрінен қазақстандық спортшылар 5 алтын, 1 күміс және 7 қола медаль иеленіп, жалпы саны 13 жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар Қазақстан құрамасы пара дзюдодан жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.
