Қазақстан халықаралық ғарыш техникасы нарығына шығуды мақсат етіп отыр. Елде спутниктер мен олардың компоненттерін өндіру ісі жолға қойылып, кейіннен оларды Орталық Азияға, Таяу Шығысқа және Еуропаға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жоба Оңтүстік Кореяның ғарыш саласындағы ірі ойыншыларының бірі — CONTEC Space Group компаниясымен талқыланып жатыр. Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев компанияның Сеулдегі құрастыру-сынақ кешеніне барып, оның басқарма төрағасы Ли Сонхимен кездесті.

Корейлік топ қазақстандық «Ғалам» жобасына қаржы салу мүмкіндігін қарастырып отыр. Әңгіме тек қаржылық қатысу туралы ғана емес, сонымен қатар спутниктерді бірлесіп құрастыру, қосалқы бөлшектер шығару және жерүсті станциялар желісін дамыту туралы болып отыр.

Келіссөздердің басты нәтижесі Қазақстанда толыққанды өндірістік хаб құру болуы мүмкін. Онда ішкі нарық пен экспортқа арналған спутниктік компоненттер шығарылмақ. Тағы бір ықтимал жоба — ірі габаритті антенналық жүйелер өндірісін жергіліктендіру.

Тараптар ғарыштық түсірілімдерді жасанды интеллект көмегімен өңдеуді ұсынып отыр. Бұл Жерді қашықтықтан зондтау деректерін жылдамырақ талдауға және оларды, мысалы, ауыл шаруашылығы жерлерін, табиғи аумақтар мен инфрақұрылымды бақылауға пайдалануға мүмкіндік береді.

CONTEC Space Group құрамына CONTEC, Asia Pacific Satellite Corporation және Texas Space Communication компаниялары кіреді. Топ Оңтүстік Кореяның мемлекеттік спутниктеріне арналған борттық компьютерлерді жеткізіп, АҚШ, Чили, ОАР және Австралияны қоса алғанда, әртүрлі елдердегі 17 жерүсті станциясын басқарады.

Жақын арада корейлік компания Қазақстанда еншілес құрылым тіркеуді жоспарлап отыр. Ынтымақтастықтың нақты параметрлері президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапары барысында ұсынылуы тиіс.