Самарқандта өтіп жатқан 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында Қазақстан әйелдер құрамасы Францияны 2,5:1,5 есебімен жеңді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Үш тең ойыннан кейін Қазақстан құрамасының медальдық жарыстағы жағдайы қиындаған еді. Алайда қыздарымыз Франциямен тартысты күресте жеңіске жетті. Шешуші ұпайды төртінші тақтада Елназ Қалиахмет әкелді. Жас жұлдызымыз қара түспен ойнап, 101-ші жүрісте Паулин Гишардың сағатын тоқтатуға мәжбүр етті.
Бүгін Виктория Қалиахметтің жеңісі командаға ауадай қажет болды. Бибисара Асаубаева жеңіске жеткен соң, Меруерт Камалиденова ұтылып, Алуа Нұрман тең ойынды бекіткеннен кейін, кезекті 4-ші тең ойынның көлеңкесі айқын көріне бастады. Бақытымызға орай, Қалиахмет тең позицияны жарып, соңында қарсыласын табандылықпен жеңді.
Көш бастаған Қытай Олимпиадада екінші ұпайын жоғалтты. Бірінші тең ойын Қазақстанмен матчта, екіншісі өткен турда Үндістанмен болды. Үндістанның сүрінуінің арқасында Қазақстан кестеде қайтадан онымен орын ауыстырды. Соңғы тур алдында қыздарымыз – екінші орында.
♟️ GM* Бибисара Асаубаева (2536) – IM Дейманте Даулите-Корнетт (2391) 1:0
♟️ GM Мари Себаг (2401) – IM Алуа Нұрман (2455) 0,5:0,5
♟️ IM Меруерт Камалиденова (2413) – IM Софи Милье (2358) 0:1
♟️ IM Паулин Гишар (2344) – WIM Елназ Қалиахмет (2347) 0:1
- 01GM – гроссмейстер, IM – халықаралық шебер, WIM – әйелдер арасындағы халықаралық шебер
Қазақстанның ерлер құрамасы Түрікменстанды 3:1 есебімен жеңіп, 33-ші орыннан 24-ші орынға көтерілді. Оның үстіне, алғашқы ондықтан артта қалуы бір-ақ ұпай.
Ал көш бастаған Өзбекстан-1 құрамасы соңғы тур алдында Арменияны 3,5:0,5 есебімен жеңді.
♟️ GM* Денис Махнев (2568) – GM Сапармурат Атабаев (2503) 0,5:0,5
♟️ GM Мейлис Аннабердыев (2384) – IM Сауат Нұрғалиев (2493) 0:1
♟️ GM Ансат Алдияр (2495) – FM Аманмухаммет Хоммадов (2389) 0,5:0,5
♟️ Шахрух Тураев (2222) – GM Жандос Ағманов (2490) 0:1
- 01GM – гроссмейстер, IM – халықаралық шебер
Самарқандтағы 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасына 398 команда, 1974 шахматшы, 240 гроссмейстер қатысуда.
Турнир швейцариялық жүйе бойынша 11 турда өтеді. Әр команда құрамында 4 ойыншы және 1 қосалқы бар. Уақыт бақылауы классикалық – алғашқы 40 жүріске 90 минут, оған қоса тағы 30 минут. Әр жүрістен кейін 30 секунд қосылады.
Матчта жеңіске жеткен құрама екі командалық ұпай, тең ойын үшін бір ұпай алады. Ұпайлар тең болған жағдайда қосымша көрсеткіштер күшіне енеді.
Ерлер турнирінің жеңімпаздарына лорд Фредерик Густавус Гамильтон-Рассел кубогы, әйелдер турнирінің жеңімпаздарына Вера Менчик кубогы тапсырылады. Екі құраманың да орындарының ең аз сомасы бойынша үздік болған федерация Нона Гаприндашвили кубогымен марапатталады.
