Қазақстанның ерлер құрамасы алғаш рет семсерлесуден әлем чемпионатының финалына шықты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Руслан Курбанов, Ерлік Сертай, Кирилл Проходов пен Вадим Шарлаимов кіретін команда жартылай финалда Мысырмен күш сынасып, 41-32 есебімен басым түсті.
Бұған дейін олар Финляндия құрамасын (45:39), одан кейін Өзбекстанды (28:27), ал ширек финалда Дания командасын 45:36 есебімен тізе бүктірген.
Осылайша, Қазақстанның ерлер командасы әлем чемпионатының финалына шығып, тарихи нәтижеге қол жеткізіп отыр.
Ал финалда “Украина-Израиль” жұбының жеңімпазымен кездеседі. Айта кетері, бұған дейінгі үздік көрсеткіш - қола медаль.
Былтыр қазақстандық семсершілер Грузияда өткен әлем чемпионатында әлемдік деңгейдегі көшбасшы Францияны ұтып, тарихи қола жүлдеге қол жеткізген болатын. Биылғы чемпионат Гонконг қаласында өтіп жатыр.
