Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин ҚХР мемлекеттік кеңесі премьер-министрінің орынбасары Дин Сюэсянмен екіжақты кездесу өткізді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесу IX «Қытай-Еуразия» халықаралық көрмесінің аясында өтті. Келіссөз барысында тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.

Кездесу барысында инвестициялық ынтымақтастық мәселесіне ерекше назар аударылды. Тәуелсіздік жылдары Қытай Қазақстан экономикасына $30 млрд-қа жуық тікелей шетелдік инвестиция құйып, еліміздегі ірі инвесторлардың біріне айналды.

Көрме дәстүрлі түрде «Бір белдеу, бір жол» бастамасының негізгі халықаралық платформаларының бірі болып табылады. Ол Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Азия мен Еуропа нарықтарын байланыстыратын Қытайдағы ірі көліктік, логистикалық және сауда орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтады.