ОПЕК+ альянсына кіретін жеті ел, оның ішінде Қазақстан, 2026 жылдың қыркүйегінде мұнай өндіруді ұлғайту туралы келісімге келді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман өндірісті жалпы тәулігіне 188 мың баррельге түзету туралы шешім қабылдады. Бұл шара 2023 жылдың сәуірінде жарияланған қосымша ерікті шектеулер аясында жүзеге асырылуда.

Ең көп ұлғайту Сауд Арабиясы мен Ресейге жоспарланған — әр ел тәулігіне 62 мың баррельге өндірісті арттыра алады. Ирак көрсеткішті 26 мың баррельге, Кувейт — 16 мыңға, Қазақстан — 10 мыңға, Алжир — 6 мыңға, Оман — 5 мың баррельге арттырады.

Түзетуден кейін өндірістің нысаналы деңгейлері келесідей болады:

  • 01Сауд Арабиясы: 10,048 млн баррель/тәу
  • 02Ресей: 9,978 млн баррель/тәу
  • 03Ирак: 4,163 млн баррель/тәу
  • 04Кувейт: 2,548 млн баррель/тәу
  • 05Қазақстан: 1,568 млн баррель/тәу
  • 06Алжир: 0,959 млн баррель/тәу
  • 07Оман: 0,805 млн баррель/тәу

ОПЕК+ мұндай шешім елдерге бұрын асыра орындалған өндіріс көлемдерін өтеу жөніндегі міндеттемелерді орындауды жеделдетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Еске салайық, КТК-ға жасалған шабуылдар мен теңіз терминалының жабылуынан кейін Қазақстанда мұнай өндіру тәулігіне 1,63 млн баррельге дейін төмендеген болатын, ал шілдедегі орташа өндіріс деңгейі тәулігіне 2,07 млн баррельді құраған еді.