Жамбыл облысындағы «Қарасу» автомобиль өткізу пунктінде Қырғыз Республикасына қарай бағыт алған 400-ге жуық жүк көлігінің жиналып қалды, деп хабарлайды мемлекеттік кірістер комитеті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Комитет көлік кептелісінің уақытша ұлғайғанын және оған бірнеше фактор әсер еткенін атап өтті. «Атап айтқанда, халықаралық жүк тасымалдарының маусымдық өсуі, Қырғызстан аумағында жүк көліктерінің қозғалысына енгізілген температуралық шектеулер әсер етуде», - делінген хабарламада.

Жағдайды тұрақтандыру және өткізу пунктінің өткізу қабілетін арттыру мақсатында Мемлекеттік кірістер комитеті мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қажетті шараларды қабылдап жатыр. Өткізу пунктіндегі жұмыс күшейтілді, ішкі істер органдарымен бірлесіп көлік ағындарын реттеу жүзеге асырылуда, көліктердің бір бөлігі жақын орналасқан өткізу пункттеріне қайта бағытталып жатыр, Қырғызстанның құзыретті органдарымен жағдайды жедел бағалау және қабылданатын шараларды келісу бойынша тұрақты өзара іс-қимыл жүргізілуде.

Тасымалдаушылар мен жүргізушілерді ақпараттандыру мақсатында мессенджерлерде жұмыс ақпараттық арнасы жұмыс істейді. Онда өткізу пункттеріндегі жағдай және балама бағыттар туралы өзекті ақпарат жарияланады. Сонымен қатар өткізу пунктінің алдында жүргізушілерге түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Мемлекеттік кірістер комитеті тасымалдаушылардан маршруттарды жоспарлау кезінде қалыптасқан жағдайды ескеруді сұрайды. Жағдай бақылауда.