Қытайдың Шанхай қаласында өткен 67-ші Халықаралық математикалық олимпиадада Қазақстан құрамасы алты медаль жеңіп алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Әлемдегі ең беделді әрі ең көне зияткерлік жарыстардың біріне 117 елден 700-ге жуық дарынды оқушы қатысты. Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.

Халықаралық математикалық олимпиада – 1959 жылдан бері өткізіліп келе жатқан әлемдегі ең беделді әрі ең көне пәндік олимпиадалардың бірі. Қазақстан бұл білім додасына 1992 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Осы уақыт ішінде ұлттық құрама олимпиадаға 34 рет қатысып, 16 алтын, 54 күміс және 86 қола медаль, сондай-ақ 30 Құрмет грамотасын иеленді.