Қазақстан шахмат федерациясы құраған екі құрама рапидтен өткен командалық әлем чемпионатында (FIDE World Team Rapid and Blitz Championships-2026) жүлделі орындарға жете алмады. Екі команда да 15 ұпай жинады. Қосымша көрсеткіштер бойынша «Kazchess» 8-ші, ал «Barys» 12-ші орынға ие болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Алтын медальды «Dragon Chilling» қытай командасы жеңіп алды, олар жарыстың басынан аяғына дейін көшбасшылықты сақтап қалды. Жеңімпаздар құрамында шахмат патшайымы Цзюй Вэньцзюнь, бұрынғы әлем чемпионы Дин Лижэнь, сондай-ақ күшті шахматшылар Вэй И, Лэй Тинцзе және Юй Янъи ойнайды.

Күміс медальды өткен жылғы рапид чемпиондары Үндістанның «Team MGD1» командасы жеңіп алды. Қола жүлде «Hexamind Chess Team» командасына бұйырды, оның құрамында әуесқой ретінде қазір Лондонда оқитын қазақстандық Мұрат Омаров ойнайды.

Бірінші ойын күнінен кейін «Kazchess» командасы төрт матчтың төртеуінде де жеңіске жетіп, 100 пайыздық нәтижемен көш бастады. Екінші күннен кейін олар төртінші орынға түсті. Рапидтегі соңғы күні «Mr Birdie and Friends» халықаралық командасы мен Әзірбайжанның «Odlar Yurdu» командасынан жеңіліс тапты.

«Kazchess» құрамында блицте жеңіс үшін Бибисара Асаубаева, Қазыбек Ногербек, Алдияр Ансат, Меруерт Камалиденова және әуесқой Құмар Түлюпов күреседі. Сондай-ақ атақты легионерлер – Әзірбайжаннан Шахрияр Мамедьяров, ресейлік Александр Грищук, Венгриядан Рихард Раппорт және қытайлық Ван Хао ойнайды.

«Barys» атауымен ойнаған екінші құрама екі турнирлік күннен кейін үшінші орында тұрған еді, бірақ соңында 12-ші орынға түсті. Команда құрамында тәжірибелі ресейлік гроссмейстерлер Петр Свидлер мен Дмитрий Андрейкин, сондай-ақ жас қазақстандық шахматшылар Денис Махнев, Рамазан Жалмаханов, Даниял Сапенов, Ерғали Сүлеймен, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман және әуесқой Айлин Заркым бар.

Ертең басталатын блиц турнирі екі кезеңді жүйе бойынша өтеді. Бірінші кезеңде швейцарка жүйесі бойынша 11 тур өтеді. Оның қорытындысы бойынша 16 үздік команда плей-оффқа іріктеледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер олимпиадалық жүйе бойынша анықталады.

FIDE World Rapid and Blitz Team Championships-қа қатысатын 48 команда әртүрлі елдердің шахматшыларынан құралған. Алайда регламент бір елдің шахматшыларының бір командада ойнауына тыйым салмайды.

Командалық матчтар алты тақтада ойналады, оның ішінде міндетті түрде әйел (5-ші тақта) және рейтингі 2000 бірліктен төмен әуесқой ойыншы (6-шы тақта) болуы керек.

Рапид пен блицтен командалық әлем чемпионаты ФИДЕ тарапынан 2023 жылдан бері өткізіледі. Алғашқысы Дюссельдорфта өтті, кейін Астана мен Лондон қабылдады.

Өткен жылы блиц турнирін «WR Chess» жеңіп, финалда «Kazсhess» командасын ұтты.