Қазақстан Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасында «Білім беру» көрсеткіші бойынша бірінші орынға ие болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы Жаһандық инновациялар индексінің (Global Innovation Index) нәтижелері бойынша еліміз өңірде көш бастап тұр. Әлемдік рейтингте Қазақстан 68-орынға шықты.
Сонымен қатар Халықаралық менеджментті дамыту институтының (IMD) Әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде де оң динамика байқалады. «Білім беру» көрсеткіші бойынша Қазақстан 69 елдің арасында 2021 жылғы 45-орыннан 2025 жылы 38-орынға көтеріліп, соңғы бес жылдағы ең жоғары нәтижеге қол жеткізді», — деп жазылған хабарламада.
Тағы бір маңызды жетістік — Қазақстанның орта білім беру жүйесіндегі оқушылар мен педагогтер санының арақатынасы бойынша 69 елдің арасында екінші орын алуы. IMD-ның Әлемдік таланттар рейтингінің мәліметіне сәйкес, елімізде бір педагогке 8,34 оқушыдан келеді.
Министрлікте атап өткендей, халықаралық рейтингтердің көрсеткіштері Қазақстанның білім беру саласындағы орнын айқындап, адами капиталды нығайтудағы білім беру жүйесін жүйелі дамытудың маңызын көрсетеді.
