Қазақстан Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет ретінде Pax Silica халықаралық технологиялық бастамасына қосылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Pax Silica жасанды интеллект, жартылай өткізгіштер, деректер орталықтары және сыни маңызды минералдарды дамыту айналасында мемлекеттерді біріктіретін халықаралық технологиялық бастама болып табылады.

Альянсқа кіру құжаттары мен AI Opportunity Partnership бірлескен мәлімдемесін 25 маусымда Вашингтонда Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев қол қойды.

Осыдан кейін Қазақстан құрамына Австралия, Ұлыбритания, Израиль, Үндістан, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, БАӘ және басқа да елдер кіретін халықаралық технологиялық одаққа енді.

Цифрлық даму министрлігі Pax Silica-ға қатысу Қазақстанға инвестиция тарту, жоғары технологиялық өндірістерді дамыту және жаңа нарықтарға шығу мүмкіндіктерін ашатынын атап өтті.

Негізгі бағыттардың бірі сыни маңызды минералдарды қайта өңдеу және жоғары қосылған құны бар өнімдер – батареяларға арналған компоненттер, жартылай өткізгіштер, энергия сақтау жүйелері және AI инфрақұрылымын шығару болады.

«Біздің мақсатымыз – жеке технологияларды енгізу ғана емес, жаңа AI-экономикасының толыққанды экожүйесін құру. Біз шикізат жеткізушісі рөлінен шығып, ел ішінде көбірек технологиялық қосылған құн құруға ұмтыламыз», – деп атап өтті Жаслан Мадиев.

Келісім сонымен қатар жасанды интеллект саласындағы зерттеулерді дамытуды, есептеу инфрақұрылымын құруды және жеке инвестицияларды тартуды көздейді.

Сонымен қатар, АҚШ үкіметі және Стэнфорд университеті бастамаға қатысушы елдерде AI, материалтану және жоғары технологиялық өндіріс саласында мамандар даярлау үшін Foundry Schools желісін іске қосады.

Цифрлық даму министрлігі Pax Silica-ға қатысу Қазақстанға жаһандық технологиялық тізбектердегі позициясын нығайтуға және аймақтағы жаңа AI-экономикасының негізгі орталықтарының бірі болуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бұған дейін «Курсив» Еуразиялық даму банкі Қазақстанда Tier IV деңгейіндегі алғашқы деректер орталығын салуға 90 млн доллар бөлетіні туралы жазған болатын.