Кейінгі 20 жылда Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы (ОАӨЭЫ) елдерінен Қазақстанға 30 миллиард доллардан астам инвестиция тартылды. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Алматыда өткен екінші Тянь-Шань форумының ашылуында мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ОАӨЭЫ елдерімен тауар айналымы 8,8 миллиард долларға жетіп, 14,4%-ға өскен.

«Біздің ортақ міндетіміз – сауда көлемін ұлғайтып қана қоймай, кедергілерді біртіндеп жою, сауда рәсімдерін жеңілдету, электронды сауданы дамыту және кәсіпкерлердің көршілес мемлекеттер нарығына шығу мүмкіндігін кеңейту», – деді Серік Жұманғарин.

Вице-премьер өңірлік ынтымақтастықтың негізгі бағыттары ретінде өзара сауданы кеңейту, көлік-логистика байланысын дамыту және сапалы инвестициялар тартуды атады.

Сондай-ақ Қазақстан көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттырып, теміржол және автомобиль жолдарын жаңғырту, мультимодальды тасымалды дамыту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жұманғариннің мәліметінше, Қазақстанның ОАӨЭЫ елдеріне салған инвестиция көлемі 4 миллиард доллардан асты. Ал Қазақстанда осы өңір елдерінен келген 28 мыңнан астам кәсіпорын және 2,5 мыңнан астам бірлескен компания тіркелген.

Өңірлік ынтымақтастық аясында сауда мен логистиканы цифрландыру, климаттың өзгеруі және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері де талқыланып жатыр.

Екінші Тянь-Шань форумы 2–3 қарашада Алматыда «Орталық Азиядағы орнықты өзара байланыс пен сапалы инвестицияларды нығайту» тақырыбында өтіп жатыр. Оған ОАӨЭЫ елдерінің үкіметтері, халықаралық қаржы институттары, даму ұйымдары, бизнес және сарапшылар қауымдастығы өкілдерін қоса алғанда, 400-ге жуық адам қатысып жатыр.