Қазақстан Firebird Inc. компаниясымен NVIDIA-ның қатысуымен есептеу жобалары бойынша келісім жасасты. «Болашақ ДӨО алқабы» жобасы Қазақстанға AI компанияларынан $10 млрд инвестиция тартуы тиіс, деп хабарлады үкімет. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Премьер-министр Олжас Бектенов жасанды интеллект және цифрлық инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастық туралы жалпы инвестиция көлемі $10 млрд болатын келісімдерге қол қойды. Келісімдер NVIDIA компаниясының қатысуымен Firebird стартапымен жасалды. Олар Экибастуз қаласындағы «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» (ДӨО) ауқымды жобасы бойынша ынтымақтастықты көздейді. Инвесторларға есептеу қуаттылықтарын орналастыру үшін учаске және қолайлы бағадағы электр энергиясы ұсынылады. Бүгінде қолжетімді 300 МВт қуаттылықты кезең-кезеңімен 1 ГВт-қа дейін арттыру жоспарлануда.
Бірінші кезеңде инвестиция $5 млрд құрайды, оның ішінде «Қазақтелеком» тарапынан $1 млрд. Бұл кезеңдегі қуаттылық 100-125 МВт болады. Бұл кезеңді 2027 жылы іске асыру басталады.
Екінші кезең тағы $5 млрд инвестицияны көздейді. Осы қаражат есебінен елде 100 мың заманауи GPU чиптері, оның ішінде NVIDIA GB300 және Vera Rubin негізінде ауқымды есептеу кластерін құру жоспарлануда.
«Біздің бағалауымызша, жобаны іске асыру жыл сайын кемінде $3 млрд экспорттық түсімді қамтамасыз етеді, жаңа жұмыс орындарын ашады, жаһандық технологиялық компанияларды тартады және Қазақстанның Еуразиядағы негізгі цифрлық хабтардың бірі ретіндегі позициясын нығайтады», – деді вице-премьер – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев.
Серіктестік аясында Firebird-тің қазақстандық «еншілес» компаниясы AI есептеу инфрақұрылымын және ілеспе технологияларды қамтамасыз етумен және қаржыландырумен айналысады. «Қазақтелеком» деректер орталықтарының жұмысы үшін қажетті энергиямен жабдықтауды, салқындату жүйелерін және телекоммуникациялық инфрақұрылымды өз мойнына алады.
Министрліктің мәліметінше, NVIDIA Firebird-ке жобаны жобалауда қолдау көрсетеді, сондай-ақ GPU және басқа да технологиялық шешімдерді жеткізеді.
NVIDIA вице-президенті Рев Лебаредян AI инфрақұрылымын бес қабатты тортпен салыстырды. Бірінші қабат – энергия. Екінші қабат – чиптер, оның ішінде NVIDIA-дан. Үшінші қабат – инфрақұрылым. Келесі қабат – ChatGPT сияқты AI модельдері.
«Қазақстанда энергия бар. Сізде ол мол және сіз одан да көп өндіре алатындықтан, сіз бастау үшін тамаша орынсыз. Шын мәнінде, Қазақстан осы бес қабатты торттың әр деңгейіне қатыса алады. Мен көрген, оқыған және қазір осында жүріп көріп отырғанымдай, Қазақстанның рухы мен еркі алға жылжуға және елдің табиғи ресурстары мен адами капиталы сияқты игіліктерін пайдаланып, AI-дің жаңа дәуіріне енуге бағытталған», – деді NVIDIA вице-президенті.
Айта кетейік, американдық Firebird компаниясы AI үшін инфрақұрылым құруға, деректер орталықтарын және жоғары өнімді есептеу жүйелерін дамытуға маманданған. Арменияда компания суперкомпьютер жасап жатыр.
Еске салайық, сәуір айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев NVIDIA және Firebird AI компанияларының өкілдерімен кездескен болатын. Келіссөздердің ортасында жасанды интеллектті дамыту және елде заманауи цифрлық инфрақұрылым құру мәселелері болды.
