Орталық Азиядағы мұнай өндірісі соңғы жылдары әлем назарына ілікті. Жаһандық саудадағы өзгерістер, санкциялық соғыстар мен көмірсутектер үшін күрес аясында кеше ғана шалғайда жатқан бұл аймақ бүгінде планетаның энергетикалық жүйесіндегі маңызды буынға айналды.
Бұл ретте қомақты мұнай қорына ие және Еуразия кеңістігіндегі қара алтынның ірі экспорттаушысы саналатын Қазақстанның орны ерекше. 2025 жылы елдегі мұнай өндірісінің көлемі 96 млн тоннадан асады деп жоспарланған, оның үштен екісі экспортқа жөнелтіледі. Алайда дәл осы Қазақстанда табиғи байлықты батыс компанияларының қатысуымен өндіріп, сату арқылы дамуды көздеген Орталық Азия елдеріне тән ортақ қателіктер айқын көріне бастады. Онжылдықтар бойы тек өз пайдасын барынша арттыруды көздеген трансұлттық корпорациялардың инвестициясы бүгінде күн өткен сайын шешуі қиындап бара жатқан көптеген мәселенің қайнар көзіне айналды, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Қазақстанның мұнай саласы, аймақтағы басқа дамушы елдер секілді, басынан бастап шетелдік компанияларға терең тәуелді жүйе ретінде құрылды. 1990 жылдардың басында мемлекеттің күрделі әрі қымбат кен орындарын игеруге қажетті қаражаты да, технологиясы да болмады. Осындай жағдайда Қазақстан басшылығы ірі халықаралық мұнай корпорацияларымен өнімді бөлу туралы келісімдер жасасуға мәжбүр болды. Бұл келісімдерге сәйкес, шетелдік компаниялар технология, қаржыландыру және жобаны басқаруды қамтамасыз етіп, алынуы қиын қорларды игеруге қатысты. Ал оның өтеміне өндірілген мұнайдан түскен пайданың қомақты үлесін алды. Ол кезде бұл шешім уақытша ымыра ретінде қабылданғанымен, уақыт өте келе бүкіл саланың негізіне айналып, оның шарттары мемлекет мүддесіне сай болмады.
Қазіргі таңда Қазақстанда өндірілетін мұнайдың шамамен 70%-ы шетелдік компаниялардың басым қатысуымен жүретін жобалардың үлесінде. Негізгі үлестер америкалық, еуропалық және қытайлық фирмаларға тиесілі. Мысалы, Chevron үлесі өндірістің 19,7%-ын, ExxonMobil – 11,2%-ын, CNPC (Қытай) – 10,8%-ын, ал Shell мен Eni компанияларының әрқайсысы шамамен 6,4%-ын құрайды. Бұдан бөлек басқа да ірі ойыншылар бар. Елдегі Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты негізгі кен орындарын Chevron, ExxonMobil, Shell, Eni, TotalEnergies бастаған батыс компанияларынан құралған консорциумдар басқарады.
Фото: Әлеуметтік желіден
