Қазақстанның энергетика министрлігі «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталында бензин, дизель отыны және кейбір мұнай өнімдерін экспорттауға шектеулерді ұзартатын бұйрық жобасын жариялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жобаға сәйкес, 2026 жылдың 22 қарашасынан 2027 жылдың 22 мамырына дейін Еуразиялық экономикалық одақтың мүше мемлекеттерін қоса алғанда, автомобиль және теміржол көлігімен бензин, дизель отыны және кейбір мұнай өнімдерін экспорттауға тыйым салынады.

Сонымен қатар, 2027 жылдың 1 қаңтарынан 2027 жылдың 30 маусымына дейін жеңіл дистилляттарды, авиакеросин және дизель отынын, газойлды, толуолды, ксилолды және мұнай битумын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс шығаруға тыйым салынады.

Тыйым салулар алты ай мерзімге енгізіледі және белгілі бір ерекшеліктерді, соның ішінде Қазақстан үкіметінің шешімдеріне сәйкес жүзеге асырылатын гуманитарлық көмек пен жеткізілімдерге қатысты жағдайларды қарастырады.