Қазақстан бензин, дизель отыны және жекелеген мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салуды тағы алты айға ұзартуды жоспарлап отыр. Энергетика министрінің бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Құжат Қазақстан аумағынан автомобиль және теміржол көлігімен жекелеген мұнай өнімдерін экспорттауға қолданыстағы шектеулерді ұзартуды көздейді.

Жобаға сәйкес, 2026 жылғы 22 қарашадан 2027 жылғы 22 мамырға дейін бензиндерді, дизель отынын және жекелеген мұнай өнімдерін автомобиль және теміржол көлігімен, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге әкетуге тыйым салу ұсынылады.

Сондай-ақ, 2027 жылғы 1 қаңтардан 2027 жылғы 30 маусымға дейін ЕАЭО кедендік аумағынан тыс жеңіл дистилляттарды, авиакеросиндерді және дизель отынын, газойльдерді, толуолды, ксилолды және мұнай битумын әкетуге тыйым салу жоспарлануда.

Тыйымдар алты ай мерзімге енгізілуі ұсынылады. Сонымен қатар, жоба жекелеген ерекшеліктерді, оның ішінде гуманитарлық көмек және Қазақстан үкіметінің шешімдері бойынша жүзеге асырылатын отын-энергетикалық ресурстарды жеткізу үшін ерекшеліктерді қарастырады.

Жобаға түсіндірме жазбада бұйрық «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» және «Сауда қызметін реттеу туралы» заңдарға, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес әзірленгені айтылған. Негіздеме ретінде үкімет аппаратының 2026 жылғы 9 қаңтардағы тапсырмасы және Сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2026 жылғы 1 сәуірдегі шешімі де көрсетілген.

Энергетика министрлігі ұсынылып отырған шаралар ұлттық қауіпсіздікті және мұнай өнімдерінің ішкі нарығының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтеді. Ведомство сондай-ақ бұйрық жобасының қабылдануы теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және өзге де салдарға әкеп соқпайды деп санайды.

Бұйрық жобасын қоғамдық талқылау 2026 жылғы 21 шілдеге дейін жалғасады.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстан Ресей үкіметінен ресми өтініш түскен жағдайда Ресейге жанар-жағармай материалдарын жеткізу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жазған болатын. Энергетика министрлігі экспорттық жеткізілімдер ішкі нарықты қамтамасыз етуге қауіп төнбеген жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкін екенін атап өтті.