Қазақстан мұнай-газ саласын дамытуда ресурстық базаны кеңейтуге, мұнай өндіру тиімділігін арттыруға, өндірісті ел ішінде оқшаулауға және көмірсутектерді терең өңдеуге басымдық береді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров "Мұнай және газ" – KIOGE-2026 көрмесі мен конференциясында айтты.
Оның айтуынша, 2026 жылы елде шамамен 80 барлау-бағалау ұңғымасын бұрғылау жоспарланған. Ал 2027–2028 жылдары бұл көрсеткішті жыл сайын 120 ұңғымаға дейін жеткізу көзделіп отыр.
"Министрлікте жасанды интеллект технологияларын қолданатын 45 жобадан тұратын портфель қалыптастырылған. Сонымен қатар 4 мыңнан астам мұнай ұңғымасын онлайн бақылауға мүмкіндік беретін отандық жүйе енгізілді", - деді Ерлан Ақбаров.
Бұл жүйе ұңғымалардың бос тұрып қалу уақытын 20%-ға қысқартуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Қазақстанда мұнай-газ машина жасау саласын дамыту үшін бес және он жылдық оффтейк-келісімшарттар енгізілуде. Бұл отандық өндірушілер үшін ұзақ мерзімді әрі тұрақты сұраныс қалыптастыруға бағытталған.
KIOGE-2026 көрмесі мен конференциясына әлемнің 62 елінен 500-ден астам компания қатысып жатыр.
