Ookla мәліметінше, биыл мамырда әлемдегі мобильді интернеттің орташа жылдамдығы 113,16 Мбит/с болды. Жаһандық рейтингте бірінші орынды Біріккен Араб Әмірліктері иеленді, деп хабарлайды Energyprom.kz. Интернет жылдамдығы бойынша БАӘ-ден кейін Катар, Кувейт, Бахрейн және Бразилия орналасқан. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан мамыр айында мобильді интернет жылдамдығы бойынша әлемдік рейтингіде 101 елдің ішінде 56-орынға жайғасты. Елдегі мобильді интернеттің орташа жылдамдығы 88,11 Мбит/с болды. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен 25,05 Мбит/с төмен.
Қазақстанда мобильді интернет жылдамдығы жыл басынан бері төмендеп келеді. Атап айтқанда, қаңтарда көрсеткіш 100,2 Мбит/с болса, сәуірде 89,16 Мбит/с, ал мамырда 88,11 Мбит/с құрады. Сонымен қатар Қазақстан әлемдік рейтингтегі орнын жоғалтты. Қаңтарда 50-орында, ақпанда 49-орында, наурызда 51-орында, сәуірде 52-орында, ал мамырда 56-орында болды.
Көршілес елдердің де рейтингі төмендеген. Өзбекстан қаңтардағы 76-орыннан мамырда 77-орынға, ал Қырғызстан 77-орыннан 82-орынға түсті.
Жыл басынан бері Қазақстанның ірі қалаларында да мобильді интернет жылдамдығы азайған. Алматыда көрсеткіш қаңтарда 148,06 Мбит/с болса, сәуірде 120,67 Мбит/с, мамырда 115,55 Мбит/с дейін төмендеді. Қала мобильді интернет жылдамдығы бойынша әлемдік рейтингте де төмендеді: қаңтарда 60-орында болса, сәуірде 77-орынға, мамырда 84-орынға түсті. Ал Астанада мобильді интернеттің орташа жылдамдығы қаңтардағы 146,09 Мбит/с-тан сәуірде 120,24 Мбит/с-қа дейін төмендеді.
