Санкт-Петербургте Қазақстан Республикасы ІІМ Көліктегі полиция департаменті мен Ресей Федерациясы ІІМ Көліктегі бас басқармасы басшылығының жұмыс кездесуі өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ішкі істер министрлігінің хабарламасына сәйкес, тараптар көлік инфрақұрылымы нысандарында құқықтық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін талқылады.

Қазақстан делегациясын ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің бастығы Абзал Жұматаев басқарды. Ресей тарапынан кездесуге РФ ІІМ Көліктегі бас басқармасының бастығы Олег Калинкин қатысты.

Ведомствоның мәлімдеуінше, кездесу екі елдің көлік полициясы өкілдері арасында өткен жылдың қазан айында Алматыда басталған диалогтың жалғасы болды. Сапардың негізгі мақсаты – Санкт-Петербургтегі көлік кешенінің негізгі нысандарында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша практикалық тәжірибені зерделеу.

Жұмыс сапары барысында Көліктегі полиция департаментінің делегациясы ресейлік әріптестерінің қызметін ұйымдастыру тәжірибесімен танысты.